06 қаз, 2020 сағат 11:20

Қазақстандағы жолдардың бойына малды үркітетін құрылғылар орнатылып жатыр

Республикалық маңызы бар автожолдардың қауіпсіздігі мен жайылып жүрген малдың жолға шығып кетпеуі үшін арнайы шаралар қолға алынды, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайты.

Сайттағы деректерге қарағанда, елдегі тасжолдардың бойына жануарларды үркітетін ультрадыбыстық құрылғылар мен «электрлі бақташы» қоршаулары орнатылды.

Бұл жұмыстар ең алдымен, Маңғыстау облысында басталған. Онда «Қазақавтодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің филиалы арнайы қоршаулар орнатқан. Кернеуі 12 вольт болатын 3000 метрлік «электрлі бақташы» «Доссор - Кұлсары - Бейнеу - Сай - Өтес - Шетпе - Жетібай - Ақтау т.п.» автожолының 723-726 шақырымындағы учаскесінің бойына қойылған.

«Елімізде малдың жолға шығып кетуінен болатын көлік апаттары жиілеп кетті. Мысалы, тек биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында жануарларды басу себебінен 16 жол көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 33 адам жарақат алып, екеуі мерт болды. Былтыр осыған сәйкес кезеңде 23 жол көлік апаты болды. Онда 29 адам зардап шегіп, жетеуі көз жұмды.

Жол көлік оқиғаларынының артуына республикалық жолдардың бойындағы торлы қоршаулардың ұрлануы да себеп болып отыр. Жағдай, әсіресе түнде қиындай түседі. Қараңғыда түк көрінбей кетеді. Оның үстіне, жануарларға жарық шағылыстыратын ленталар тағылмайды. Сол себептен жол қызметкерлері малды жолдан қауіпсіз қашықтыққа қууға мәжбүр болады. Бұл мәселені «электрлі бақташылар» жобасы шешеді. Заманауи қоршаулар еліміздің өзге өңірлерінде де орнатылатын болады»,-делінген хабарламада.