29 шіл, 2021 сағат 14:31

Қазақстандағы суға шомылуға жарамды орындардың саны қанша?


Шомылу маусымы басталғаннан бері кәсіпкерлер ел аумағында 33 жаңа жағажай ашқан, хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов осындай мәлімет келтірді.

«25 шілдедегі жағдай бойынша ел аумағында шомылуға рұқсат етілген 515 орын бар. Оның 131-і коммуналдық, 303-і жеке жағажай.

Биыл әкімдіктер қосымша 43 коммуналдық жағажай ашса, кәсіпкерлер жабдықталған 33 жағажай ашып отыр», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуныша, министрлік су айдындарындағы қайғылы жайттардың санын азайту үшін халықтың барлық топтарымен профилактикалық, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп отыр.

«БАҚ өкілдерінің қатысуымен 258 брифинг өткізіліп, радио және теледидар арқылы 4 107 үндеу, газеттер мен журналдарда 1 283 мақала жарияланды. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде су айдындарындағы қауіпсіздік қағидалары бойынша 150 бейнеролик таратылды. 

Халық арасында 480 мыңнан астам үгіт-насихат өнімі таратылып, су айдындарында 5 504 қауіпсіздік белгісі орнатылды», - дейді Төтенше жағдай ведомствосының өкілі.

Сондай-ақ, ол шомылу маусымы басталғаннан бері әуежайларда 16 618 және теміржол вокзалдарында 16 076 бейнеролик көрсетілдгенін атап өтті.