ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің зертханалары тексерген азық-түлік өнімдерінің шамамен 20 процентінен шошқа ДНҚ-лары табылған. Мәліметтер өнімнің қаптамасында көрсетілмеген.
Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына жауап берген ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин айтқан.
«2018 жылдың алғашқы екі айында жануар тіндерінің сәйкестігін анықтау бойынша 147 азық-түлік өнімдерінің сынамасы зерттеліп, 757 зерттеу жүргізілді. Оның ішінде 27 сынамадан (немесе 19%) өнім қаптамасында көрсетілмеген шошқа ДНҚ-сы табылған», - деп түсіндіреді Жандарбек Бекшин.
Оның айтуынша, комитет зертханалары шошқа, ірі қара мал, тауық немесе жылқы ДНҚ-сының ғана емес, ит, мысық, буйвол, ешкі және қой тіндерінің де сәйкестігін тексере алатын әлеуетке ие.
Комитеттің хабарлауынша, азық-түлік өнімдерінің қауіпсізігін бақылау сатылымға шығарылған өнімдерді сатып алу жолымен жүргізіледі. Кедендік одақтың техникалық тәртіптері талаптарының сәйкестігіне санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалар жүргізілуде.