19 мам, 2021 сағат 14:14

Қазақстандағы Корей мәдени орталығы ерекше конкурс жариялады


Корея Республикасының Елшілігі ұлттық тағам конкурсын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Байқау онлайн режимде өтеді. Шарт бойынша, конкурсқа қатысушылар корей мәдени орталығының сайтында жарияланған 23 корей тағамының бірін таңдау қажет. Таңдап алынған тағамды дайындау процесінің фотосуреттерін және ақырғы өнім суретін өтініммен бірге жолдайды. Өтінімді 10 маусымға дейін Корей мәдени орталығының электрондық поштасына жіберу қажет. 

Онлайн-конкурсқа қатысушылардың аспаздық өнерін бүкіл қазақстандықтар 11 мамыр мен 22 маусым аралығында корей мәдени орталығының YouTube платформасынан көре алады.

Ақтық сынға алдын ала іріктелген 10 жұмыс қана өтеді. Олардың ішінен желі қолданушыларының онлайн-дауыс беруі арқылы және мамандардың бағалауы арқылы 5 жеңімпаз іріктеледі.

«Байқау жеңімпаздары бағалы сыйлықтарға ие болады. Жүлделермен қатар барлық қатысушылар арасында лотерея өткізіледі. Шара туралы толық ақпаратты сілтемесі бойынша алуға болады», - дейді Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан.