19 там, 2020 сағат 17:36

Қазақстандағы бірқатар жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қозғалды

Қазақстандағы бірқатар жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік бақылауды жүргізуге кедергі келтіретін бірқатар жоғары оқу орнына қатысты тиісті шаралар қабылдамақ. Әкімшілік істер қозғалды, материалдар сотқа жіберілді», делінген министрлік таратқан ақпаратта. 

Ондағы деректерге қарағанда, 2019 жылы Орталық Азия университетінде және Ақтау гуманитарлық-техникалық университетінде (бұрынғы Қазақстан теңіз университеті) тексеру жүргізілді, оның нәтижелері бойынша білім беру саласындағы заңнама нормаларының көп бұзылғаны анықталды.

Бүгінге дейін аталған университеттер тексерудің келесі кезеңін жүргізуге кедергі келтіретін түрлі шаралар (сот тәртібімен шағымдану, шағын кәсіпкерлік субъектісі ретінде ұйымдық-құқықтық нысанын өзгерту, қажетті материалдарды ұсынбау және т.б.) қолданып келеді. Аталған екі жоғары оқу орнына қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар мамандандырылған соттарға жіберілді. Екі ЖОО да сот шешімдерінің күшіне енуіне қарай тексерулер жүргізіледі.

«Астана» университетінде жоспарлы тексеру 2020 жылдың басында жүргізілуі керек еді. Алайда университет қажетті материалдарды ұсынбады, осылайша профилактикалық бақылау жүргізуге кедергі келтірді. Сот талқылауының нәтижесінде ЖОО-лар әкімшілік жауапқа тартылды.

Бұл ретте Ақтау гуманитарлық-техникалық университеті мен «Астана» университеті танылған арнайы органдардың тізіліміне енгізілген аккредиттеу агенттіктерінде аккредиттеуден өтпеген. Бұдан бөлек, соңғы екі жылда «Атамекен» ҰКП өткізетін жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингі негізінен бұл жоғары оқу орындарының соңғы позицияларда екенін көрсетеді.

«Білім туралы» ҚР Заңына сәйкес, аталған жоғары оқу орындары қазіргі уақытта 2020 жылғы түлектерге диплом бере алмайды. Соңғы курс студенттерінің мүдделерін ескере отырып, бұл университеттер диплом беру үшін аккредиттеуден өтуі керек.

«Талапкерлердің назарын жоғары оқу орнын дұрыс және саналы түрде таңдауға аударғымыз келеді. Өйткені 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарының өз үлгісіндегі дипломдарының беделі болады, бұл кейіннен жұмысқа орналасуға әсер етеді. Қазір барлық түлек жоғары оқу орнының беделіне және оның білім беру нарығындағы жағдайына қарамастан, мемлекеттік үлгідегі бірдей диплом алады. Біздің ойымызша, жұмыс берушілер болашақ маманды «кім» дайындағанын білуі керек және ЖОО-лар арасында мықты бәсекелестік болуы керек. Жеке үлгідегі дипломдар жүйесін енгізгеннен кейін ЖОО -ның талапкерлер мен жұмыс берушілер алдындағы жауапкершілігі артады. Мықты маман болу үшін нәтижеге жұмыс істейтін және белгілі бір саладағы нарықта көшбасшы болып табылатын университетті таңдау керек. Тек осылай ғана жоғары білім беру жүйесін жосықсыз қызмет көрсетушілерден «тазартуға» болады»– деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.