28 мам, 2025 сағат 14:36

Қазақстанда жылқы мәдениеті қандай күйде?

Фото: Ашық дереккөзден

Бүгінде жылқы саны 4,2 миллионға жетті десек те бұл салада қолға алатын бірқатар  мәселе бар деп есептейді Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай. А. Әлтай жылқының азық-түлік өнімі, ат спорты, жылқы мәдениетінің насихатталуына қатысты бірқатар мәселе көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.

Депутаттың айтуынша еліміз жыл сайын 160 мың тоннадан астам жылқы етін өндіреді. Алайда бұл мол ресурстың дені өңделмейді, ішкі нарықтың өзінде  сату жүйесі реттелмеген, сондықтан шетелдерден сапасыз арзан ет импорттауға мәжбүрміз. 

«Бие сүті мен қымыз — жай ғана дәстүрлі сусын емес,  денсаулыққа шипасы мол функционалдық тағам. Сондықтан, бие сүтін өңдейтін кәсіпорындар ашып, шетелге экспорттау — маңызды міндет», - дейді ол.


Сонымен қатар кадр мәселесін де көтеріп, шабандоз, атбегі, тағашы, ипполог-ветеринар, зоотехник-коневод, атқа міну нұсқаушысы сынды негізгі мамандықтар бойынша елімізде жүйелі білім беру әлі жолға қойылмағанын жеткізді. Және колледждер мен жоғары оқу орындарында арнайы бөлімдер ашу, мемлекеттік гранттар бөлу қажет деп отыр.

Мектеп бағдарламасына жылқы малы туралы ақпарат керек

«Жас ұрпақ арасында жылқы мәдениетін насихаттау – стратегиялық маңызы бар міндет. Қазіргі мектеп бағдарламаларында жылқының қазақ мәдениетіндегі, тарихындағы  орны жүйелі түрде қамтылмаған. Осы орайда мектеп бағдарламасына жылқының анатомиясы, күтімі, ерекше қасиеттері жайлы арнайы модуль енгізу керек. Қазіргі ипподромдардың көбі жаңартуды қажет етеді,  кейбір өңірлерде мүлдем жоқ. Осыған байланысты  өңірлерінде кемінде бес заманауи ат спорты кешенін салу қажет. Алматыдағы кезінде   сатылып кеткен мәдени ескерткіштер тізіміндегі ипподромды қайтадан коммуналдық меншікке қайтаруды сұраймыз. 
Ақтөбеде Президент тапсырмасымен ашылған жылқы шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми - зерттеу институтының жұмысы жандану үшін қаржылық мәселесін шешу қажет. Ұлттық ат спорты ойындарын этнофестивальдермен үндестіру, ауылдар мен шағын қалаларда клубтық инфрақұрылымды дамыту маңызды», - дейді депутат.


Ол өз еліміздің ішінде Республикалық көшпенділер ойынын жыл сайын әр аймақта кезекпен дәстүрлі өткізуді ұсынды.
Сонымен қатар Аманжол Әлтай иппотерапияның қасиеттеріне тоқталып, ол - ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін ғылыми тұрғыда дәлелденген тиімді оңалту әдісі. АҚШ, Германия, Канада сияқты елдерде бұл тәжірибе ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне енгізілген. Зерттеулер көрсеткендей, атқа міну , аутизм, ДЦП және басқа да неврологиялық диагноздармен өмір сүретін балалардың қозғалыс координациясын, сөйлеу және эмоционалдық дамуын едәуір жақсартатынын жеткізді. 

«Осыған байланысты иппотерапияны ТММК және МӘМС пакеттеріне енгізіп, мамандар даярлап, өңірлерде оңалту орталықтары жанынан бөлімшелер ашу қажет.Бұл —  инклюзивтік қоғам құруға жасалған  нақты қадам», -деді мәжілісмен өз сөзінде.


«Жылқының қазақ тарихындағы рөлін символикалық тұрғыдан мойындау – уақыт талабы»

Көптеген мемлекеттерде жылқыға арналған ұлттық күндер бар, сондықтан депутат Қазақстанда да «Тұлпар күні»- деп  арнайы датаны бекітуді ұсынды.
 

«Жылқы тек тарихи мұра емес, экономиканың, спорттың, білім мен медицина салаларының, ұлттық идиологияның толыққанды бір бөлігіне айналуы тиіс», - деді депутат Әлтай.


Аманжол Әлтайдың Үкімет назарына ұсынған мәселелері:

Жоғарыдағы бастамаларды мемлекеттік бағдарламалар мен салалық жол карталарына енгізу, атап айтқанда:

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға, Оқу-ағарту министрлігінің кәсіби бағдар және азаматтық тәрбие бағытындағы бағдарламаларына; 

– Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің оңалту қызметтерін кеңейту жоспарларына; 

– Мәдениет және спорт министрлігінің ұлттық мұраны сақтау және ұлттық спорт түрлерін дамыту жөніндегі саясатына енгізу.

– «Тұлпар күні» ұлттық мерекесін ресми түрде бекіту;

– жылқы шаруашылығы және иппотерапия салаларында кадр даярлау стандарттары мен оқу бағдарламаларын әзірлеу;

– иппотерапияны бюджет және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылатын медициналық және әлеуметтік қызметтер тізіміне енгізу.