Биылғы жеті айда елімізде 413 мыңнан астам жеңіл көлік тіркелді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2020 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанда 413 962 жеңіл автомобиль (өткен жылмен салыстырғанда 17,5% аз) тіркелген. Соның ішінде:
- қолданыста жүргеніне 10 жылдан асқан көліктер саны – 251 999 (2019 жылы – 324 705);
- шығарылғанына 7-10 жыл болған көліктер – 37 078 (27 056);
- шығарылғанына 3-7 жыл болған көліктер – 64 086 (99 121);
- қолданыста 3 жылдан артық болмаған көліктер – 60 715-ті (42 894) құрады.
2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, елімізде тіркелген барлық жеңіл көліктерінің саны 3909,8 мыңды құрайды.
Статистикалық мәліметке сәйкес, биылғы қаңтар-шілдеде 6270 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оларда 9096 адам зардап шеккен. Өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда апаттылық 26,9% азайды.
2020 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, көлік құралдары иелерін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдары 16 млрд теңге сомасына 39 400 төлем жасаған.