30 мау, 2021 сағат 14:13

Қазақстанда жас педагогтар Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырғаннан кейін жұмысқа қабылданады


Қазақстанда жас педагогтарды Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырғаннан кейін жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы білім және ғылым министрілігінің баспасөз қызметі хабарлады. Министрліктің ақпаратына сәйкес, жоғары оқу орындарының жас педагог-түлектерін ұлттық біліктілік тестілеуін тапсырғаннан кейін жұмысқа қабылдау бойынша жаңашылдық педагогикалық кадрларды даярлау сапасын күшейтуге бағытталған. Біліктілік тестілеуі пәндік білім деңгейін және оқу пәнін оқыту әдістемесін меңгеруін анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ҚР білім және ғылым министрілігі мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова мұның балаларға берілетін білім сапасын қамтамасыз ететін педагог мамандар даярлануы үшін енгізіліп отырғанын жеткізді.

"Биылғы оқу жылының жоғары оқу орындарының түлектері мен осы уақытқа дейін мектепте жұмыс істемеген педагогтар ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруға тиіс. Ұлттық біліктілік тестілеу тапсыру қорытындысы бойынша қажетті балл жинаған адамдарды жұмысқа қабылдау жоспарлануда", - деді Майра Мелдебекова.

Оның сөзінше, тестілеуден өту кезінде қажетті білімді көрсеткеннен кейін түлектер мектеп қабырғасында кәсіби дағдыларын көрсете алады. Әңгіме тек жаңадан бастаған педагогтер туралы болып отыр, талап қазірдің өзінде жұмыс істейтіндерге қолданылмайды.

Сондай-ақ министрлік қазақстандық жоғары оқу орындарына бітіруші курс студенттері арасында жаңашылдықтың орындылығы мен қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Қазірдің өзінде Ұлттық біліктілік тестілеу тапсыру басталды. Тапсыру үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында алдын ала тіркелу қажет.

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілерге қойылатын талаптар күшейтілді. Егер бұрын болашақ педагогтар үшін ҰБТ-ның шекті балы 50 болса, енді ол 75 баллға дейін көтерілді. Шәкіртақы көлемі де 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.

Сонымен қатар биылғы жаңашылдықтың бірі – республикадағы мектеп директорларының ротациясы. Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтып берді.

"Мен қазір пікірталасты көріп отырмын, ертең бүкіл ел бойынша 7 500 директор бір күнде кенеттен өзгереді деп айта бастады. Біріншіден, бұл олай емес. Екіншіден, Павлодар облысынан Қарағанды облысына немесе Қарағанды облысынан Түркістан облысына ешкім жібермейтіні түсінікті, өйткені бұл әлеуметтік пакет мәселесі, бұл отбасы, бұл сол жерде тұру мәселесі және тағы басқалар", - деді Аймағамбетов.

Министрдің сөзінше, халықаралық тәжірибе зерделенді, шешім барлық қолдаулар мен қарсылықтарды ескере отырып қабылданады.

"Біз әріптестерімізбен директорларды ауыстыру ережелерін талқылаймыз. Үш жыл не бес жылдан кейін болуы керек пе, талқыланады. (...) Жағдайлар әртүрлі болуы мүмкін. 60 жастағы мектеп директоры 30 жыл жұмыс істеп, тиімді еңбек ете алады. Бірақ бұл сирек кездесетін ерекшелік. Негізінен тәжірибе кадрларды жаңарту, ротация өте маңызды екенін көрсетеді", - деп толықтырды министр.

Айта кетейік, бұған дейін министр әлеуметтік желідегі парақшасында ротация институты мемлекеттік қызметте, бизнес-құрылымдарда және басқа да көптеген салаларда бар екенін айтты. Алайда бұған дейін білім беру жүйесінде ротацияны қолдану мүмкін болмады.

"Бізде мемлекеттік білім беру ұйымдары басшыларының көбінде мерзімсіз еңбек шарттары бар. Әрине, өз ісіне берілген көп мықты басшы бар, сонымен қатар олар өз ұйымын жетілдіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Алайда, ешкім кәсіби күйзелісті, мотивацияның жоқтығын және басқа қызметкерлердің мансаптық сатысына көтерілуге деген ұмтылысты жоққа шығармайды", - деген болатын білім және ғылым министрі.

Сондықтан менеджерлер көптеген жыл бойы өз орындарында қалды. Мұның  артықшылығымен қатар кемшіліктері де бар.

"Ашық НҚА" порталында мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларының жобасы пайда болды. Аттестаттау және олардың қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау нәтижелері бойынша мектеп директорларын үш жылда бір рет ауыстыру ұсынылады. Ереже жобасында зейнетке шыққанға дейін үш жыл немесе одан аз қалған адамдар ротациядан босатылуы мүмкін екендігі көрсетілген.