01 қар, 2021 сағат 20:45

«WorldSkills Kazakhstan 2021» VI Республикалық чемпионаты басталды


Елімізде «WorldSkills Kazakhstan 2021» VI Республикалық чемпионаты басталды. Чемпионаттың ресми ашылу салтанаты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құрметті әріптестер, Ұлттық чемпионатқа қатысушылар! Баршаңызды чемпионаттың басталуымен құттықтаймын! Бірнеше жыл бұрын біз WorldsSkills әлемдік қозғалысына қосылып, 50-орында тұрақтаған едік. Қазірдің өзінде біз әлемдік рейтингтегі позициямызды едәуір күшейтіп, 14-ші орынға ие болып отырмыз. Бұл айтарлықтай жетістік, бірақ біз алдымызға бұдан да өршіл міндеттер қоюымыз керек. Келесі жылы Шанхайда өтетін халықаралық чемпионатта біз техникалық және кәсіптік білім беруде үздік командалардың алғашқы ондығына кіруіміз қажет. Мен студенттерімізге сенім артамын. Әлбетте, бұл қол жеткізуге болатын міндет деп санаймын. Сіздерге толағай табыс пен жеңіс тілеймін», – деді министр Асхат Аймағамбетов құттықтау сөзінде. 

Білім және ғылым министрі мемлекет техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша 2025 жылға қарай барлық тілек білдіруші тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі. 

«Жас маман» бағдарламасы бойынша еліміздің 180 колледжі заманауи құралдармен жабдықталды, олар арқылы студенттер практикалық білім мен дағдылар алады. Материалдық-техникалық базаны нығайтудың арқасында біз Чемпионатты өткізу географиясын кеңейттік. Биыл ол сайыс 8 қалада өтеді», – деді Асхат Аймағамбетов.

«WorldSkills Kazakhstan 2021» республикалық чемпионаты 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Семей қалаларындағы колледждер базасында өтеді. Барлығы 18 жарыс алаңы ұйымдастырылды. Еліміздің барлық өңірінен келген 450-ден астам жас маман 30 негізгі және 40-тан астам қосымша құзыреттер бойынша өз дағдыларын көрсетеді. Олар келесі блоктарға бөлінген: «Ақпараттық-кабельдік желілер», «Мехатроника», «Инженерлік графика CAD», «Бизнеске арналған IT-шешімдер», «Бастауыш сыныптарда оқыту», «Мектепке дейінгі тәрбие», «Мобильді робототехника», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» және басқалар. Қатысушылардың, яғни колледждер мен ЖОО студенттерінің, сондай-ақ кәсіпорындардағы жас қызметкерлердің жұмысын 500-ге жуық сарапшы бағалайтын болады. 

Айта кетейік, WorldSkills халықаралық қозғалысы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және оларды танымал етуге бағытталған әрі білікті кадрларды даярлауда жаңа трендтер жасайды. Оған әлемнің 80-нен астам елі қатысуда. 

Қазақстан WorldSkills International (WSІ), WorldSkills Europe (WSE) және WorldSkills Asia (WSА) толық құқықты мүшесі болып табылады. Биыл Еуропа чемпионатында қазақстандық Дина Афанасьева алғаш рет «Веб-әзірлеу» құзыреттілігі бойынша қола медальға ие болды. Қазақстанның WSE рейтингі 2016 жылмен салыстырғанда 20 позицияға нығайып, 9 орынға жетті.