2020 жылдың 11 айында елімізде тұрғын үйді сатып алу-сатудың 275 857 мәмілесі жасалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне қарасты Ұлттық статистика бюросының келтірген мәліметінше, осы жылдың қарашасында тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 29 958 болды. Бұған қоса, қарашада қазанмен салыстырғанда мұндай мәміле саны 9 пайызға кеміп отыр. Ал 2020 жылғы қаңтар-қарашадағы тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 2019 жылдың 11 айымен салыстырғанда 5,6 пайызға азайған.
Есепті кезеңде тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері әсіресе Шығыс Қазақстан облысында 18,6, Ақтөбе мен Жамбыл облыстарында 11,8, Нұр-Сұлтан қаласында 11,6 пайызға төмендеп кеткен. Ал Атырау облысында 6,7, Қызылорда облысында 5,4 және Батыс Қазақстанда облысында 4 пайыз ғана өсім тіркелген.