14 қаз, 2021 сағат 00:32

Қазақстанда тұрғын үй бағдарламасына қатысты табыс коэффициенті өзгеруі мүмкін


Елімізде тұрғын үй бағдарламасына қатысты табыс коэффициенті өзгеруі мүмкін. Бұл туралы «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті, деп ҚазАқпарат.

Аталған банк басшысы Baigenews.kz ақпарат агенттігі жобасының кешкі тікелей эфиріне қатысты. Әңгіме қазақстандықтарды тұрғын үймен қамту мәселесіне арналды. 

Сұхбат барысында қонаққа «Нұрлы жер» және «Шаңырақ 5-10-20» мемлекеттік бағдарламалары бойынша тұрғын үй сатып алуға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 болып белгіленген коэффициент кедергі болып отыр, осы орайда шартты қайта қарау мәселесі қаралып жатқан жоқ па деген сауал қойылды. 

«Бұл заң осыдан 25 жыл қабылданған болуы керек. Ол кезде коммерциялық компания қызметкерлерінің табысы жоғары болды. Қазір жағдайда басқаша. Бүгінде мемлекеттік мен бюджет қызметкерлерінің табыс көлемі тұрақты, бірақ жоғары емес», - деп жауап берді Ләззат Ибрагимова. 

Оның айтуынша, аталған тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың табыс көлеміне қатысты шектеу бар. 

«Егер үй кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкер келіп, мысалы, мен департамент басшысымын табысым 500 мың теңге, әйелімнің табысы 400 мың теңге және 2 баламыз бар десе. Әрине, ол кісінің өтініші қанағаттандырылмайды. Өйткені отбасылық табыс 1 млн-ға жуықтап тұр. Сол үшінде ең төменгі күнкөріс деңгейі 3,7 коэффициентімен белгіленді. Бұл шарт 2 жылдан астам сақталып келеді. Біз қазір ең төменгі күнкөріс деңгейін 3,7-ден 6 коэффициентке дейін арттыруды қарастырып жатырмыз», - дейді ол.