15 мам, 2020 сағат 16:33

Қазақстанда теміржол вокзалдары карантин кезінде қалай жұмыс істейді?

«Қазақстан темір жолы» компаниясы теміржол вокзалдарының жұмыс тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан темір жолы» 1 маусымнан бастап жолаушылар пойызының қозғалысын бастайды. Бүгін жол жүру билеттері сатылымға шықты. Көліктегі бас санитар дәрігер теміржол вокзалдарында карантин шараларын сақтау туралы қаулы шығарды. Атап айтқанда, вокзалға маскасы бар адамдар ғана кіргізіледі. Кіреберісте олардың дене қызуы өлшенеді», - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ вокзал шаруашылығын дамыту және пайдалану бойынша атқарушы директоры тілшілерге берген сұхбатында. 

Вокзал ғимаратына жол жүру билеті бар адамдар ғана кіргізіледі және олардың арасында 1 метр арақашықтық сақталуы тиіс. Тиісті белгілер орындықтарда, кассалар мен анықтама бюросында көрсетілген. 

«Карантин шараларын сақтау туралы мәлімдемелер дауыс зорайтқышпен хабарланады және онлайн бейнероликтер көрсетіледі. Сонымен бірге, желдету жүйесіне де арнайы талаптар қойылады. Қазіргі уақытта барлық желдету жүйесін тексеру басталды. Мамырдың 20-25 аралығында тексеру аяқталады. Барлық ғимаратта терезелер ашылып, желдету жүргізілуі тиіс», - деді спикер.