03 жел, 2024 сағат 17:42

Телефон алаяқтығының жаңа толқыны басталды

Фото: Pexels.com

Kaspersky Who Calls қосымшасының деректері бойынша, 2024 жылдың қаңтар–қараша айларында Қазақстанда пайдаланушылардың 72,4%-ы спам-қоңыраулар алған. Олардың жартысынан астамы (52,1%) алаяқтармен бетпе-бет келді, деп хабарлайды Ult.kz.

Алаяқтар әдетте әртүрлі сылтаулармен SMS-тен кодты атауды сұрайды. 

1. SMS арқылы код сұрау:
Алаяқтар Қазпошта, телекоммуникация операторлары немесе коммуналдық қызмет өкілдері болып, SMS-тен алынған кодты сұрайды. Бұл код жеке деректерді ұрлау үшін қолданылады.

2. "Банк қызметкері" схемасы:
Алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, күдікті әрекеттерді болдырмау үшін "қауіпсіз шотқа" ақша аударуды талап етеді.

3. "Құқық қорғау органдары" схемасы:
Қаскүнемдер құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде қоңырау шалып, тергеуге көмектесу сылтауымен жеке ақпаратты алуға тырысады.

4. Жүлде ұтысы схемасы:
Пайдаланушыға құнды жүлде ұтқаны туралы хабарланады. Ол фишингтік сайтқа жіберіліп, жеке деректерін енгізуді сұрайды немесе "комиссия" төлеуді талап етеді.

Алаяқтардың негізгі әдісі — әлеуметтік инженерия

Фото: Касперский зертханасы. Игорь Кузнецов

"Kaspersky GReAT" директоры Игорь Кузнецов алаяқтардың эмоцияларға әсер ететінін, қорқыту арқылы адамдарды шұғыл шешім қабылдауға итермелейтінін атап өтті. Ол ақпаратты әрқашан тексеруді, күмәнді қоңырауларға жауап бермеуді ұсынады.

"Биыл біз бес миллионнан астам алаяқтық әрекетті және 800 мыңнан астам қаржылық алаяқтыққа қатысты шабуылды анықтап, алдын алдық. Бұл шабуылдардың негізгі мақсаты – пайдаланушылардың ақшасын ұрлау немесе қаржылық зиян келтіру. Ең бастысы – белгісіз сілтемелерге өтпеу, тек ресми дүкендерден сауда жасау және банк картасының деректерін, әсіресе SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу", - дейді Игорь Кузнецов.


Айтуынша, қазіргі уақытта алаяқтықтың жаңа толқыны басталды. Шабуылдаушылар түрлі әдістермен SMS арқылы келген кодтарды алуға тырысады. Бұл кодтарды сізден алған соң, сізге қаржылық шығын келтіруі мүмкін. Сондықтан, бұл ақпаратты ешкімге беруге болмайды. Кузнецов егде жастағы адамдарды телефон аялақтарынан қорғау үшін ұялы телефонға қорғаныс бағдарламасын орнатуды ұсынады.

"Ең дұрысы – ата-әжелеріңіздің мобильді құрылғыларына қорғаныс бағдарламаларын орнату. Бұл қосымшалар алаяқтық сайттарға кіруді болдырмай, жақындарыңызды қорғай алады. Тіпті олар алаяқтық ресурстарға өтуге тырысқан жағдайда да, бұл шешімдер қауіптің алдын алады", - дейді ол.


Қорытындылай келе телефон алаяқтығынан қорғану үшін мына әрекеттерді жасау ұсынылады:

1. Құпия ақпаратты ешкімге бермеу:
Логиндер, парольдер, SMS-кодтар, банк картасының деректері туралы мәліметті телефон арқылы ешкімге хабарламау.

2. Күдікті сілтемелерді ашпау:
Мессенджерлерден немесе электрондық поштадан келген сілтемелерге сақтықпен қарау.

3. Қорғаныс қосымшаларын пайдалану:
Kaspersky Who Calls сияқты қосымшалар қоңырау қайдан келгенін көрсетеді және күдікті қоңырауларды автоматты түрде бұғаттайды. Бұл әсіресе қарттар мен балалар үшін тиімді.

Анара Бауыржанқызы