29 сәу, 2020 сағат 12:56

Қазақстанда тәулігіне қанша маска шығарылады?

Қазақстанда қазіргі таңда тәулігіне 1 млн маска өндірілуде. Алайда оның ішінде сертификатталған медициналық масканың үлесі – 300 мың. «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Берік Шәріп осындай мәліметті жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұрын Қазақстанда медициналық маскаға деген қажеттілік - жылына 30 млн болса, қазір бұл сұраныс бірнеше есе өскенін түсінген абзал. Біз жыл сайын шамамен 15 млн маска сатып алып келгенбіз. Ал биыл 19,7 млн масканың келісіміне қол қойылды. Оның ішінде 9 миллионын аймақтарға жолдап, сондағы медициналық ұйымдарға тараттық. Масканың да түр-түрі бар: үш немесе төрт қабатты болуы ықтимал. Біз масканы кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі бойынша жеткіземіз. Бұрын медициналық препараттарға сұраныс көп болмағанымен, бүгінгі күні күрт артқан. Қазақстанда тәулігіне 1 млн маска шығарылып жатыр. Алайда оның ішінде сертификатталған, таза медициналық маска саны – 300 мың ғана. 300 мың маска – жоспарлы әрі болжамды қуаттылық болатын», - деді Берік Шәріп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Facebook парақшасында өткен жиында.

Бұрын Қазақстан орта есеппен масканы шеттен 18 теңгеге сатып алып келсе, қазір халықаралық нарықта оның бағасы шамамен 150 теңгеге дейін қымбаттаған.

«Бізге неліктен маска неге 118 теңге тұрады деген уәж жиі айтылады. Біз оны 106,9 теңгеге сатып алдық. Ол кезде логистика да тоқтап қалған еді. Шұғыл керектігін ескеріп, алдырдық. Әлбетте, мұның бәрі түпкі бағаға әсер етпей қоймайды», - деді Берік Шәріп.