Денсаулық сақтау министрілігінің басшылығы сенбі күнгі карантин тәртібін жеңілдетуге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» ҰКП-ның карантиндік іс-шараларды жеңілдетуге қатысты ұсынысы бойынша сұрақ қойылды.
ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова бұл мәселе тұрғысында алдағы бір аптада елдегі эпидемиологиялық жағдай назарға алынатынын атап өтті.
«Егер тұрақтану жағдайы жалғасатын болса, онда келесі сенбіден бұл шаралар қабылдануы мүмкін», - деді комитет басшысы.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой демалыс күндеріндегі локдаунға қатысты пікір білдірді.
«Бұл мәселеге қатысты «Атамекен» палатасы бізбен бірге талқылады. Егер бізде жағдай тұрақтаса, алдағы аптадан сенбі күніне қатысты жеңілдетуді қарастырып отырмыз. Атап айтқанда, Алматы бойынша ахуал күрделі, өлім-жітім мен індет жұқтыру деңгейі жоғары. Сондықтан қазіргі кездегі шектеу іс-шаралары ондағы жағдайға сәйкес келіп тұр. Бұл тұрғыда адамдардың өмірі маңызды. Осы жағдайға ерекше мән беріп отырмыз. Егер мүмкін болса, онда жеңілдету қадамдарын жасап, бизнес үшін мүмкіндіктерді ашамыз», - деді Цой.