12 қар, 2020 сағат 14:17

Қазақстанда сатылған жаңа көліктердің рейтингі жасалды

2020 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстанда ресми дилерлер 70 мыңнан астам жаңа көлік сатты.

Бұл туралы "Ұлт ақпарат" «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағына сілтеме жасап хабарлайды. 

«Аталған кезеңде ресми дилерлер 70 549 көлікті сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 25,9 пайызға жоғары. Биылғы 10 айда қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді алуға 633,6 млрд теңге жұмсап, 2019 жылғы деңгейден 21,3 пайызға артық болды», - делінген таратылған мәліметте.

Көлік сатып алушы 50 425 адам (71,5 пайызы) отандық зауыттардың өніміне өз таңдауын жасаған. Сонымен қатар, биылғы 10 айда сатылған 20 124 автомобиль (28,5 пайызы) импортқа тиесілі болып отыр.

Аталған мерзімде елімізде сұранысы жоғары брендтердің арасында Lada (15 219 көлік), Hyundai (13 456), Toyota (8 612 ), Ravon (6 906 ) және Chevrolet (5 667) көліктері көш бастады.

Мұнымен қоса, сатылымы жоғары болған ТОР-ондықта – KIA (5 060 көлік), GAZ (2 360), Renault (2 172 ), Volkswagen (1 985 ) және Nissan (1 852) бар.