03 ақп, 2021 сағат 11:55

Қазақстанда сатушыларды анықтауға арналған QR код қолданылмақ

Азаматтық қоғамды көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылға тарту мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті бірқатар пилоттық жобаларды жүзеге асыруда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында комитет басшысы Марат Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, өз табысын жасыратын азаматтарды анықтауға бағытталған «Азаматтық бақылау - түбіртек талап ету» жобасы жүзеге асырылуда. Жоба барысында Wipon мобильді қосымшасы арқылы түбіртектің берілмегені туралы 16,5 мың хабарлама келіп түскен. Оның 5,5 мыңы расталып, олар үшін 4,5 млн теңге көлемінде сыйақы төленген. 

Сонымен қатар Марат Сұлтанғазиев «дәрі-дәрмектерге арналған электронды шот-фактура шығару бойынша» пилот туралы айтып өтті. Жоба кез-келген түрдегі дәрі-дәрмектерді бақылау мақсатында 2020 жылы басталған. Қатысушылар саны 6,7 мыңға дейін өскен.

«Азаматтық белсенділікті арттырудың тағы бір маңызды жобасы – арнайы бейне және фотографиялық құралдарды қолданатын «визуалды тексеру» пилоты. QR кодтары МКК веб-сайтында жасалып, оның көмегімен сатып алушы сатушыны анықтай алады. Бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстары басталып кетті. ЕАЭО шеңберінде тауар айналымының бақылануын қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылдан бастап «Виртуалды қойма» модулінде ресімделетін тауарларға ілеспе құжаттар шығару жобасы басталды. Бүгінгі күні бірқатар проблемалар анықталды, біз оларды шешуге кірістік. Пилот кезінде айыппұлдар қолданылмайтынын атап өткім келеді», - деді Марат Сұлтанғазиев.