14 қаз, 2020 сағат 07:54

Қазақстанда ПТР тестілеу ақысы 22 пайызға арзандайды

Қазақстанда коронавирусты анықтайтын ПТР тестен өту ақысы арзандайды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрдің айтуынша, мамандарды даярлау арқылы отандық зертханалардың қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін жеткізу көзделген.

«Шығын материалдары бағасының нарықта арзандауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ПТР-тест тарифін 22 пайызға дейін арзандату бойынша ұсыныс әзірледі. Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары мен тест-жүйе арзандады. Ұсыныс мақұлданса, осы айдың соңына дейін тариф бекітіледі», - деді Алексей Цой.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ПТР тест құнын 22 пайызға арзандату тұрғысында оның нақты сомасы қанша болатындығы жайында сұралды. 

«Қазіргі кезде болжамды түрде 11 мың теңгеден 8 900-ге дейін төмендеуі тиіс. Бұл бағытта тиісті есеп-қисап жүргізілуде. Қажетті қадамдарды саладағы қауымдастықтармен, «Атамекен» ҰКП-пен пысықтап жатырмыз», - деді министр.