09 жел, 2020 сағат 14:33

Қазақстанда пойыз бен ұшаққа қайтадан тыйым салынуы мүмкін бе – бас санитар жауабы

Қазақстанда темір жол мен әуе тасымалына шектеу қойылуы мүмкін бе? Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта дәл мұндай талаптарды енгізу мәселесін қарастырып жатқан жоқпыз. Себебі өздеріңіз білетіндей, локдаун енгізудің нақты алгоритмдері бар. Бұрын ол алгоритмдерді Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше рет жариялаған. Толық локдаун 100 мың адамның ішінде 50 адам коронавирус жұқтырған жағдайда, инфекциялық ауруханалар 70 пайыз науқастарға толған жағдайда енгізіледі», - деді Ерлан Қиясов. 

Вице-министрдің айтуынша алдағы мерекелер қарсаңында темір жол мен әуе тасымалы қалыпты жағдайда жұмыс істейтінін жеткізді.

«Әлбетте, қазір «қызыл» аймақтар бойынша шектеулер әлі де күшінде. Қалған өңірлерде қосымша ешқандай шаралар жоқ», - деді ол.