06 қар, 2020 сағат 14:15

Қазақстанда өрт сөндіру көліктері екіқабатты үйді жылумен қамтамасыз ете алады

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қысқы маусымға дайындықтары мен ерекше өрт сөндіру техникасы туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 5-6 қараша аралығында республиканың барлық аймағында «Қыс-2020» штабтық жаттығу өткізілуде. Шара барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ахуалдық залында азаматтық қорғау қызметтері және аудандық әкімдіктермен онлайн режимінде қыс кезеңінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардағы іс-әрекеттер талқыланды.

Сонымен қатар, департаменттегілер арнайы жабдықталған техника туралы айтып берді. Көпмақсатты өрт сөндіру көлігі тұрғын үйді жылумен үздіксіз қамтамасыз ете алады. Яғни, жылыту қазандықтың жүктемесін өзіне ауыстырып, үйдегі жылу жүйесінің қатуына жол бермейді.

Мұндай техника республика бойынша – төртеу. 

«Аталған автокөлік пәтерлердегі жылыту жүйесінің қатуына мүмкіндік бермейді және екі көпқабатты тұрғын үйді (60 пәтерге дейін) жылытуға ауыстыру мүмкіндігі бар. Республикада барлығы осындай 4 автокөлік бар, олардың 2-уі Алматы қаласы ТЖД есебінде», - деп атап өтті Алматы қалалық ТЖД бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков. 

Оның айтуынша, қыс маусымына техникалар толық дайын.

«Қысқы кезеңде қалада азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының жеке құрамнан 1248 адам, 459 техника, 10 жылжымалы тоқпен қамтамасыз ету көздері (дизельді электр станциялары) дайын. Қалада қарды тазалау үшін 1035 бірлік көлемінде арнайы қар жинайтын техника,33 мың тонна техникалық тұз, 85 мың тонна құмды майда тастар әзірленді», – деді ол.