С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 3 курс студенті Гүлназ Сейітқамал Қазақстанда орман алқаптарын ұлғайту жолдарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің жобам Қазақстан Республикасындағы шөлейттену мәселесін зерттеуге арналған. Ел аумағының 58%-ы шөлдер мен жартылай шөлдерге жатады. Дала аймағы еліміздің 27% алып жатыр, онда су және жел эрозиясы байқалады. Мұндай проблемалардың алдын алу үшін қазірден бастап ағаш отырғызумен айналысу керек. Біздің жобаның мақсаты – Қазақстандағы ағаш егу ауқымын кеңейту. Ол үшін өңірдің бірегей биоалуантүрлілігін қолдап, орманды 5 млн га жерге ұлғайту керек», - деді студент Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында өткен Экология министрімен кездесуде.
Оның айтуынша, қазір климаттың жаһандық өзгеруі, топырақтың шөлейттенуі мәселелері өте өзекті. Ормандарды қолдан құру арқылы әлемдегі көмірқышқыл газын қайта өңдеу көлемін арттыруға болады.
«Осы мәселелерді шешудің ең жарқын мысалы – астананың айналасында жасыл белдеу құру болды. Біраз уақыттан кейін тиімді нәтижесін көреміз. Біз жасыл белдеуді сәулелік принцип бойынша жалғастыруды ұсынамыз», - дейді Гүлназ Сейіткамал.
Өз кезегінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ұсынысқа қолдау білдіріп, мәселенің расында да өзекті екенін жеткізді.
«Бірнеше апта бұрын Арал теңізіне барып келдім. Онда сексеуіл отырғызу бойынша жеке бағдарлама жасағымыз келеді. Ол жақтан жыл сайын жүздеген мың тонна тұз шығады. Сондықтан біз ағаш егу жобаларын белсенді түрде қолдаймыз», - деді Мырзағалиев.
Айта кетейік, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында эковолонтерлермен, экологиялық факультеттердің студенттерімен кездесті және Қазақстандағы басты экологиялық проблемалар туралы айтып берді.
Экология министрі өткен жылы 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті экономика тұжырымдамасын дайындау бойынша белсенді жұмыс басталып кеткенін еске салды.