04 там, 2021 сағат 13:05

Қазақстанда орман алқаптары азайды деген ақпарат шындыққа жанаспайды - комитет


Әлеуметтік желілерде Қазақстандағы ормандардың жойылып жатқаны жайлы ақпарат тарады. Осыған байланысты Экология министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мәлімет таратты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қазақстан шағын орманды ел саналады. Қазіргі уақытта орман қорының ауданы (барлық ормандар мен орман шаруашылығын жүргізуге арналған жерлердің жиынтығы) 30,4 млн гектарды құрайды, оның ішінде 13,3 млн гектары орманмен қамтылған (ел аумағының 11%), ормандылық көрсеткіші - 4,9%. 

Қазақстанда ормандар біркелкі орналаспаған. Орман өсімдіктерінің түрлері табиғи аймақтардың әртүрлілігімен анықталады. 

Шөлді аймақта сексеуіл ормандары өседі. Таулы ормандардың негізгі бөлігі Алтай, Жоңғар және Іле Алатауының қара қылқанды екпелерімен көмкерілген. 

Дала және орманды дала аймақтарының жазық бөлігінде қайың-көктерек шоқ ормандар, қарағайлы ормандар, Ертіс өңірінің жалды ормандары өседі.

Сексеуіл ормандары орманмен қамтылған барлық алқаптың 50,5% - ын, қылқан жапырақты екпелер - 13,5% - ын, жұмсақ жапырақты екпелер-11,7% - ын құрайды.

2000 жылы орман қорының ауданы 26,5 млн. га құрады, оның 11,4 млн.га - орманмен қамтылған, ормандылығы - 4,1%. 2015 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 29,3 млн.га, 12,6 млн. га және 4,6% - ды құрады.

2020 жылы орманмен қамтылған алқап 1,6 млн. гектарға ұлғайып, 13,1 млн. гектарды құрағанын атап өткен жөн.

Осылайша, 2001-2020 жылдары ел 60,1 мың га орман жамылғысын жоғалтты деген ақпарат расталмады. Керісінше, жалпы орман алқаптарының ұлғаю үрдісі байқалады. 

Бұған өңірлердегі орман қорының жай-күйі туралы деректер дәлел.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында бүгінде орман қорының ауданы 3,8 млн.гектарды құрайды, оның 2 млн гектары орманмен қамтылған.

2001 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер тиісінше 349,3 мың га және 252,2 мың га ұлғайды.

Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында орман қорларының ауданы 2001 жылдан бастап 621,1 мың гектарға, орманмен қамтылғандар - 54,8 мың гектарға ұлғайды.

Бүгінде бұл көрсеткіштер екі облыс бойынша тиісінше 1,8 млн га және 815 мың га құрайды.

Ақмола облысының орман қоры бүгінде 1 млн. гектардан астам аумақты алып жатыр, оның ішінде 384,8 мың гектары орманмен қамтылған, көрсеткіштердің өсуі тиісінше 251,3 мың гектарды және 66,4 мың гектарды құрады.

Қазіргі уақытта Алматы облысында орман қорының ауданы 5411,5 мың гектарды құрайды, оның 2005,9 мың гектары орманмен қамтылған. 

Көрсеткіштердің өсуі тиісінше 556,9 мың га және 211,5 мың га құрайды.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, комитет желіде таралған ақпарат шындыққа жанаспайтынын хабарлайды.