Синоптиктер мамыр айында еліміздегі ауа райын болжамын ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазгидрометке сілтеме жасап.
Қазақстанда мамыр айында жазғы атмосфералық процестерге ауысады. Мамыр айына қарай еліміздің солтүстігі мен оңтүстік, оңтүстік-шығысындағы таулы, тау маңындағы аймақтарда жауын-шашын көбейеді. Мамыр айында күн жылынған соң, қайта салқын түсуі ықтимал.
«Көпжылдық мәлімет бойынша, оңтүстік аймақтарда суық күндер мамырдың бірінші жартысында, ал солтүстікте – айдың соңында аяқталады. Бірақ кей жылдары оңтүстік аймақтарда ызғарлы салқын күндер мамырдың соңында да, ал солтүстік және шығыста тіпті маусымда да болуы әбден мүмкін», - делінген болжамда.
3 мамырдан бастап еліміздің көптеген бөлігінде аздаған бұлтты күн райы, температураның жоғарылауы болжанып отыр.
Еліміздің көп бөлігінде ауаның температурасы түнде +10+15 градусқа дейін , ал күндіз - +25+30 градусқа дейін көтеріледі. Оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында термометр бағына түнде +15+20 градусты, күндіз +30+38 градусты көрсетеді.
Қазақстанның батыс бөлігінде ғана Солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық ағындардан найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, жел күшейіп, ауа температурасының күндіз +20+28 градустан +13+18 градусқа дейін құбылуы ықтимал.
Бірінші онкүндіктің ортасында республиканың кей аумақтарында найзағайлы жаңбыр жауып, екпінді жел соғады. Бірінші онкүндіктің соңында Қазақстанның көп бөлігіне батыс антициклоны әсер етіп, температураның 5-10 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Солтүстікте түнде 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
«Болжамға сәйкес, айдың екінші онкүндігінде де салқын күндер келеді. Еліміздің солтүстік жартысында ауаның температурасы 5 градус суықты көрсетуі мүмкін, күндіз 10-15 градус жылы болады, ал оңтүстікте түнде +3+10 градус, күндіз +12+20 градус жылы болады.
Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде күн жылынып, солтүстік аймақтарда нағыз жазғы ыстық күн райы келеді, күндіз күн +25+33 градусқа дейін, ал оңтүстікте - +30+38 градусқа дейін ысиды», - дейді синоптиктер.
Мамандар бір айға арналған ауа райы болжамын консультавтік болжам ретінде қабылдап, оның кейіннен синоптикалық жағдайдың өзгеруіне қарай түзетілуі мүмкін екенін атап өтті.