Былтырдан бастап қазақстандықтар үшін құжатты жеткізу қызметі қолжетімді еді, енді оның аясы кеңейе түспек. Ол туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз «ЦОН» атты мобильді қосымша әзірледік. Қосымшаны AppStore және PlayMarket платформаларынан жүктеуге болады. Ол жерде азаматтарға 13 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді. Ол үшін ХҚО операторымен бейнебайланыс орнатса болғаны. Жиі қолданатын қызметтердің қатарында қайта куәлік беру, тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеу және техникалық төлқұжаттың көшірмесін жасату бар. Сол сияқты аталған мобильді қосымшаның көмегімен жақын маңдағы ХҚО-ны тауып, алдын ала кезекке тұруға болады», - деді Сүйеніш Әбділдин ОКҚ-те өткен брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде «ЦОН» атты мобильді қосымшаны 32 мыңнан астам қазақстандық қолданып жатыр.
Сондай-ақ, спикер брифинг барысында дайын құжаттарды жеткізу қызметі туралы айтып берді.
«Өткен жылдан бастап біз дайын құжаттарды жеткізу қызметін іске қостық. Бүгінде аталған қызмет еліміздің 16 қаласында қолжетімді. 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап осы күнге дейін 6 мыңнан астам құжат клиенттердің үйіне жеткізілді. Оны қолдану әдісі оңай. Құжат дайын болғанда клиенттің телефон нөміріне SMS хабарлама келеді. Хабарламадағы сілтеме арқылы өтіп, 970 теңге төлеуіңіз керек. Төлем қабылданған соң құжат сол күні сізге жеткізіледі. Қазіргі уақытта бұл қызмет түрін жетілдіру жағын қарастырып жатырмыз. Яғни құжатты басқа да платформалар арқылы жеткізу. Мысалы, Yandex арқылы жеткізу мүмкіндігі», - дейді ол.