Бүгінге дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясына қатысты 3 млн 655 тестілеу жүргізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Естеріңізде болса, шілде айында Қазақстанда тестілеу деңгейі тәулігіне 40 мыңнан сәл астам болатын. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш тәулігіне 70 мыңға жеткізілді. Жүргізілген тестілеу көлемі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып артып келеді», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, өткен аптада ел бойынша тестілеу санының 10 пайызға өскені байқалды. Ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш еселеп артты.
«Солтүстік Қазақстан облысында тестілеу үш есеге, Шығыс Қазақстан облысында екі есеге, Алматы облысында 2,4 есе, Ақмола облысында 1,6 есе өсті. Сонымен қатар, қалған өңірлерде де тестілеу деңгейі артып келеді», - деді комитет басшысы.