2020 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Қазақстанда ресми дилерлер 51 мыңнан астам жаңа көлік сатты. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағына сілтеме жасап хабарлайды.
«Аталған кезеңде ресми дилерлер 51 732 көлікті сатты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 19,1 пайызға жоғары. Биылғы сегіз айда қазақстандықтар жаңа жеңіл көліктерді алуға 468,3 млрд теңге жұмсап, 2019 жылғы деңгейден 15,7 пайызға артық болды», - делінген таратылған мәліметте.
Көлік сатып алушы 36 274 адам (70,1 пайызы) отандық зауыттардың өніміне өз таңдауын жасаған. Сонымен қатар, биылғы 8 айда сатылған 15 458 автомобиль (29,9 пайызы) импортқа тиесілі болып отыр.
Аталған мерзімде елімізде сұранысы жоғары брендтердің арасында Lada (11 359 көлік), Hyundai (9727), Toyota (6 754 ), Ravon (5 929 ) және KIA (4 282) көліктері көш бастады.
Мұнымен қоса, сатылымы жоғары болған ТОР-ондықта - Chevrolet (2237 көлік), GAZ (1699), Renault (1677), Volkswagen (1404) және Nissan (1387) бар.