22 мау, 2021 сағат 14:30

Қазақстанда колледжде білім алуға деген сұраныс грант санын арттырды



Бүгінгі таңда орта білімді алу үшін, мектепте 9 жылдық оқудан кейін колледжде талпынатындар саны жыл сайын артып отыр. Оның ішінде кәсіптік білім алуға деген сұраныс артқан. Соның нәтижесінде колледждерде білім алуға гранттар санын арттырды, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

Биыл 9-сыныпты онлайн оқып тамамдаған Гүлжан Серікқызы орта білім алуды колледжде жалғастырғысы келеді. Себебі ерте білім алып, ерте еңбекке араласқысы келетін ару болашақта киім дизайнері болғысы келетінін айтты.

«Мен биыл колледжге түсуге дайындалып жатырмын. Киім дизайнері болғым келеді. Биыл білім гранттары да көп болады дейді. Ең бастысы жаңа ережемен құжат тапсырып, жаңа ережемен оқуға түсетін болғандықтан өз өзімізге сенімді болуымыз керек. Оқуға түсу конкурсы  аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндерден қойылған бағаның орташа конкурстық балы бойынша ақпараттық жүйе арқылы өткізіледі. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарда оқығысы келетін түлектер арнайы немесе шығармашылық емтихандар тапсырып, сұхбаттасудан өтеді екен. Мен таңдаған мамандық бойынша да екі түрлі емтихан тапсырамыз, оның бірі шығармашылық емтихан. Өзім тіккен косюмдерді, көйлектерді көрсетуім керек», - дейді Гүлжан Серікқызы.

Белгілі болғанындай, биыл оқуға тапсыру алдағы 25 маусымнан басталады. Талапкерлер колледжге құжаттарды екі тәсілмен – электрондық үкімет порталы Egov.kz арқылы немесе тікелей колледжге тапсыра алады. Болашақ студенттердің 4 мамандық пен 4 колледжге дейін таңдау құқығы бар.

Ал ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанованың айтуынша, арнайы немесе шығармашылық емтихандарды колледждер жанынан құрылған комиссиялар жүргізеді.

«Конкурс 2 кезеңге бөлінген. Бірінші 9-сынып негізінде оқуға түсетін талапкерлер арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу 19-22 тамыз аралығында, ал, 11 сынып түлектері үшін – 22-25 тамыз аралығында өтеді. Игерілмеген орындар болған жағдайда білім грантымен қамтылмаған талапкерлер арасында мемлекеттік білім беру тапсырысын қайта бөлу жүргізіледі. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға қабылдау туралы ақпарат талапкердің жеке кабинетіне келеді. Колледждерге қабылдау 31 тамызда аяқталады», – деп атап өтті ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Белгілі болғанындай, биыл қазақстандық колледждерде құжат қабылдау 25 маусымда басталады, биылғы оқу жылына 97 мың грант бөлініп отыр. Ал квоталар 9 санат бойынша қарастырылады. Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жыл толық емес отбасы балаларына 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлер мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін 1% квота қосылды.

Ал құжат қабылдау жаңа ережелер негізінде жүргізіледі. Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова Facebook-тегі парақшасында жазды.

«Биыл педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихандары болмайды. Конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы бойынша өткізіледі. Одан басқа, білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ҚР БҒМ «ақша студентпен бірге жүреді» қағидаты негізінде гранттарды бөлудің жаңа тетігін әзірледі. Яғни, бұрын гранттар колледждер арасында бөлінген болса, енді олар талапкерлердің таңдауы бойынша беріледі. Мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша колледждер арасында орналастырылмақ», - деп жазды Н.Оспанова.

Статистикаға сүйенсек, елімізде 795 колледж жұмыс істейді. Оның 454-і – мемлекеттік оқу орындары. Гранттарды 435 мемлекеттік колледж және 170 жеке меншік колледж алады. 2021-2022 оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысы 10 бағыт және 200-ден астам сұранысқа ие мамандықтар бойынша 97 мың орынға бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл оқуға тапсыру алдағы 25 маусымнан басталады. Талапкерлер колледжге құжаттарды екі тәсілмен – электрондық үкімет порталы Egov.kz арқылы немесе тікелей колледжге тапсыра алады. Болашақ студенттердің 4 мамандық пен 4 колледжге дейін таңдау құқығы бар. биылғы оқу жылына 97 мың грант бөлініп отыр. Ал квоталар 9 санат бойынша қарастырылады. Көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін 5%, мәртебесі кемінде үш жыл толық емес отбасы балаларына 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлер мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер үшін 1% квота қосылды.