ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов 6 желтоқсанда елімізде кибержаттығудың неліктен өткізілгенін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өткізілген кибержаттығудың мақсаты - мемлекеттік органдардың, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бөлімшелердің, барынша маңызды нысандардың ақпараттық қауіпсіздігі жедел орталығының туындаған сын-қатерлерге қарсы тұруға дайындығын тексеру», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол аталған жаттығудың тетіктерін түсіндіріп берді.
«Діни экстремистік пиғылдағы шартты заң бұзушы электронды үкіметтің ақпараттандыру нысандарына, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдардың сыни маңызды нысандарына жаппай ДДОС-шабуыл жасап, мемлекеттік интернет-ресрустарды бұзуға тырысады. Әлеуметтік желілерде сенімсіз ақпараттар таратылып, phishing жасауға, зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету таратуға ұмтылады. Соңғы шара кибержаттығу жоспарына сәйкес, біршама ертерек басталды және көптеген мемлекеттік қызметшілер қазірдің өзінде өздерінің жұмыс орындарындағы тестік зиянды бағдарламалық қамтамасыз етудің фишингтің жіберілімдерге тап болды. Бұл нәтижелер жайында сәл кейінірек, жаттығу аяқталғаннан кейін жан-жақты жария ететін боламыз. Дегенмен, алдын ала мәліметтерге қарағанда, мемлекеттік қызметшілердің шамамен 30 пайызы ақпараттық қауіпсіздік саясатын бұзып, зиянды бағдарламалық қамтамасыз ету бар фишингтік ресурстарды ашқан», - деді Руслан Әдіқалықов.