01 қыр, 2020 сағат 19:30

Қазақстанда Халықаралық туризм және меймандостық университеті ашылды

Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Халықаралық туризм және меймандостық университеті салтанатты жағдайда ашылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Орталық Азияның ежелгі тарихи қалаларының бірі - үлкен туристік әлеуетке ие Түркістанда орналасқан университеттің online-форматтағы ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары - «Жібек жолы» Халықаралық туризм университетінің ректоры А.Абдухакимов, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі В.Самек және университет ректоры М.Мурзамадиева құттықтау сөз сөйледі. 

Шақырылған спикерлер университеттің дамуына, халықаралық ынтымақтастық саласында қолдау көрсетуге уәде берді. 

«Жаңа университет Қазақстан Республикасында туристік қызметті дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылды. Туризм және қонақжайлылық саласындағы мамандарды даярлау үшін Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі алғашқы мамандандырылған университетті ашудың маңыздылығын атап өткен жөн. Оның түлектері халықаралық стандарттың қос дипломын - қазақстандық және шетелдік серіктес университеттен алуға мүмкіндік алады», - делінген Мәдениет және спорт министрлігі ақпаратында. 

Ведомство мәліметінше, бірлескен білім беру бағдарламалары туристік бизнестің нақты қажеттіліктерін ескере отырып әзірленеді және «3 + 1» схемасы бойынша ең жақсы халықаралық тәжірибеге негізделген. Оқытушылар құрамына қазақстандық және шетелдік профессорлар пулы, туризм және сервис саласындағы жетекші компаниялардың топ-менеджерлері кіреді. 

Атап айтқанда, университетте Халықтар достығы университетінің (Ресей), Жібек жолы университетінің (Өзбекстан), сондай-ақ Түркия, Грузия, Швейцария университеттерінің профессорларын тарту туралы келісімшарттары бар. Мұның бәрі университет студенттеріне жоғары деңгейдегі теориялық білім алуға және шетелдік тәжірибеден өтуге, соның ішінде БҰҰ Дүниежүзілік туризм ұйымында (UNWTO) қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.