Фото: ашық дереккөз
Қазақстанда кальянға қойылған тыйымды жұмсарту мәселесі Үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрдің айтуынша, бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, пікірлер екіге бөлінген. Қазіргі уақытта нақты шешім қабылданбаған.
«Бұл мәселе өте өзекті. Бір кездері Қазақстан кальянды толық тыйым салу жолын таңдады. Алайда тәжірибе көрсеткендей, кальян шегу тоқтаған жоқ. Ол тіпті балалар мен басқа да келушілердің қатысуымен, түтінсіз орта қағидаттары сақталмайтын жерлерде де жалғасып жатыр», — деді Ақмарал Әлназарова.
Оның сөзінше, дәл осы жағдайлар қолданыстағы нормаларды қайта қарау қажеттігін туындатқан. Қазір Үкімет бұл бағыттағы ұсыныстарды зерделеп жатыр.
Сондай-ақ министр заң нормаларын қайта қарау халықаралық тәжірибеде кең таралғанын атап өтті. Егер белгілі бір талаптар тиімсіз болса немесе толық жұмыс істемесе, оларды өзгерту тәжірибесі бар.
Әлназарова кез келген өзгеріс халық денсаулығының мүддесі ескеріле отырып қабылданатынын жеткізді. Сонымен қатар темекі мен алкоголь өнімдерінен түсетін акциздерді денсаулық сақтау саласына және салауатты өмір салтын насихаттауға бағыттау мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, 2024 жылғы 19 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейптерді, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салатын заңға қол қойған болатын.
