22 сәу, 2026 сағат 15:53

22 жастағы қазақ жігітінің Дубайдағы үкімі: апелляция шешуші рөлде

Фото: ашық дереккөз

Дубайда ауыр қылмысқа қатысты өмір бойына сотталған 22 жастағы қазақстандық азамат әзірге елге қайтарылмайды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Оның сөзінше, сотталған азамат апелляциялық шағым түсірген, сондықтан оны қайтару мәселесі сот процесі толық аяқталғаннан кейін ғана қаралады. Қазір адвокаттар мен Қазақстанның бас консулдығы іске араласып, жұмыс жүргізіп жатыр.

Вице-министрдің айтуынша, министрлікке туыстарынан ресми өтініш түспеген, бірақ консулдық отбасы мүшелерімен байланыста.

Айта кетейік, бұған дейін 22 жастағы Ернұр Алмахан Дубайда өмір бойына сотталғаны хабарланған болатын. Ол 2024 жылы жұмыс істеуге барған, ал қандай бап бойынша сотталғаны толық ашық айтылмаған.