22 сәу, 2026 сағат 16:04

“Бір қабірге талас”: Қарағандыда сот эксгумацияға рұқсат берді

Фото: ummet.kz

Қарағанды облысында анасының қабіріне қатысты дау бойынша сот эксгумация жүргізуге рұқсат берді. Апелляциялық соттың бұл шешімі тараптар арасындағы көптен бергі дауға нүкте қоюы мүмкін, деп хабарлайды “Астана” телеарнасы.

Адвокат Бауыржан Изделеуовтің айтуынша, эксгумация мен ДНҚ сараптамасына қатысты шығындарды талап қоюшы тарап өз есебінен көтереді.

Бұған дейін Қарағандыдағы бір зиратқа байланысты екі отбасының арасында дау туындағаны белгілі болған. Айгүл Жамиленова 2024 жылы анасы жерленген қабірге кейін бейтаныс құлпытас пен қоршау қойылғанын айтып, сотқа жүгінген. Оның айтуынша, бұл орын басқа адамның жерлеу орны болып шыққан.

Екінші тарап бұл қабірді өз туысына тиесілі деп есептейді, алайда нақты дәлелдер мен куәгерлерге қатысты қайшылықтар бар.

Сот екінші тараптың қарсылығына қарамастан эксгумация мен ДНҚ сараптамасын жүргізуге рұқсат берді. Қорғаушы тарап бұл шешім даудың түпкілікті шешілуіне мүмкіндік береді деп отыр.