22 сәу, 2026 сағат 12:55

Астанада жедел жәрдем фельдшерін ұрған ер адам 1,5 жылға сотталды

Фото: akorda.kz

Астанада жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Ол медицина қызметкеріне күш қолданғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл – Қылмыстық кодекстің жаңа бабы бойынша қаралған алғашқы істердің бірі, деп хабарлайды Ult.kz.

Оқиға 2026 жылғы 13 наурызда болған. Жедел жәрдем бригадасы сауда орталығына екі мас ер адамға шақырту бойынша барған. Олардың бірі өзін нашар сезінгенін айтып, медициналық көмек сұраған.

Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін бригада кетуге дайындалып жатқан кезде, ер адамдардың бірі фельдшерге қол көтерген.

Сот материалдарында оның әрекеті медицина қызметкеріне физикалық ауырсыну келтіргенімен, ауыр дене жарақатына әкелмегені көрсетілген. Сонымен қатар бұл әрекет медициналық көмектің қауіпсіз көрсетілуіне кедергі келтіріп, медицина қызметкерінің құқықтарын бұзған.

Сотталушы кінәсін мойындап, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Ал жәбірленуші қатаң жаза тағайындауды талап етті. Прокурор 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.

Сот оның бұрын сотталмағанын, бірақ қоғамдық тәртіпті бұзғаны және қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескерді.

Жеңілдететін мән-жай ретінде – шын жүректен өкінуі, ал ауырлататын жағдай ретінде – қылмыстың мас күйінде жасалуы танылды.

Сот оны ҚР ҚК-нің 380-3-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.