22 сәу, 2026 сағат 12:44

Қайталанған жанжал, тоқтаған іс: Рахат Тұрлыханов тағы жауапкершіліктен құтылды

Фото: Gakku.kz

Бұрынғы әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды. Себебі оның жұбайы шағымынан бас тартқан, деп хабарлайды Ult.kz.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, барлық қажетті материалдар жиналған. Алайда арызданушы істі әрі қарай қараудан бас тартқандықтан, іс заңды негізде жабылған.

Полиция отбасылық-тұрмыстық жанжалдарға қатысты әрбір жағдай бақылауда болатынын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданатынын мәлімдеді.

Еске салайық, 15 наурызда Рахат Тұрлыханов жұбайына күш қолданды деген күдікпен полицияға жеткізілген. Бастапқыда әйел адам соққыға жығылғанын айтқанымен, кейін бұл мәлімдемесін жоққа шығарып, тек жанжал болғанын хабарлаған.

Осы оқиғаға байланысты Тұрлыхановқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша хаттама толтырылған. 16 наурызда сот істі қарап, материалдарды қосымша тексеру үшін прокуратура мен полицияға қайта жолдаған.

Айта кетейік, бұл — алғашқы жағдай емес. 2024 жылдың қаңтарында Тұрлыханов жұбайына күш қолданғаны үшін кінәсін мойындап, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Соған қарамастан, кейін ерлі-зайыптылар татуласқанын мәлімдеген.