Фото: Magda Wygralak / Shutterstock
Қазақстанның Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті HiPP балалар тағамынан егеуқұйрық уы анықталғаны туралы БАҚ-та тараған ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Комитеттің хабарлауынша, мұндай бұзушылық жөнінде ақпарат Еуропалық одақтың жедел хабарлау жүйесі (RASFF) немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық желісі (INFOSAN) арқылы түспеген.
Сондай-ақ аталған өнім Еуразиялық экономикалық одақтың мемлекеттік тіркеу куәліктерінің бірыңғай тізілімінде жоқ. Осыған байланысты оны Қазақстанда және ЕАЭО елдерінде сатуға рұқсат етілмейді.
Қазіргі уақытта комитет өнімнің ел аумағында сатылуы мүмкіндігін анықтау үшін тиісті тексеру шараларын жүргізіп жатыр. Аумақтық бөлімшелердің мониторингі нәтижесінде бұл өнім әзірге сауда орындарынан табылмаған.
Егер күмәнді өнім сатылымда анықталса, азаматтардан жедел әрекет ету үшін комитеттің аумақтық бөлімшелеріне хабарлау сұралады.
