Фото: ҚР ОАМ
Алматы қаласындағы №79 гимназияның 11-сынып оқушысы Дана Қадырбек жаһандық су тапшылығы мәселесін шешудің жолын тапты, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқушы соңғы екі жылда қазақстандық білім беру саласының әлемдік аренадағы нағыз елшісіне айналды. Оның жобалары мектеп бағдарламасының шеңберінен шығып, халықаралық ұйымдардың қызығушылығын тудырып отыр.
2024-2025 жылдары Дана Қадырбек Kazakhstan Smart Space атты ғарыштық технологиялар бойынша халықаралық конкурстарда жүлделі орындарға ие болып, инженерия саласындағы терең білімін дәлелдеді. Бұдан кейін АҚШ-тағы Olympiad USA математикалық олимпиадасында 2-орынды иеленіп, Индонезияда өткен YISF конкурсында жеңіске жетті. Алайда оның нағыз жетістіктері ауадан су алу технологиясына ден қойған кезде басталды.
2025 жылдың шілдесінде Сеулде өткен WICO дүниежүзілік жастар ғылыми олимпиадасында Дана алтын медаль алды. Қазылар алқасын оқушының «Атмосферадан су жинауға арналған алюминий фумараты негізіндегі металл-органикалық қаңқалы құрылымдардың синтезі» атты тақырыбы таңғалдырды. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл құрылғы тіпті қуаңшылық жағдайда ауыз су өндіре алады.
2026 жылдың сәуір айында Венадағы БҰҰ штаб-пәтерінде UNIDO ұйымдастырған Cleantech Days Forum 2026 шарасында Дана Қадырбек әлемдегі ең үздік 3 жас өнертапқыштың қатарына кірді.
