29 қыр, 2021 сағат 17:37

Қазақстанда Junior Eurovision байқауына өтінім қабылдау басталды


Қазақстан Парижде өтетін Junior Eurovision ән байқауына қатысатын талантты балаларды іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқауға 9-14 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Ұлттық іріктеу 4 кезеңнен тұрады. 

«Дәл қазір jevision.khabar.kz сайтында онлайн өтінім қабылдау басталады. Өтінімдер 29 қыркүйектен 6 қазанға дейін қабылданады. Қатысушылар сауалнаманы толтырып, өзі орындаған әннің бейнежазбасын жүктеуі керек. Мұнда көпжылдық тәжірибе мен авторлық әннің болуы міндетті емес. Ең бастысы – жақсы ән шырқау және ғажайыпқа сену. Бұл – іріктеудің бірінші кезеңі», - деді «Adam Media» компаниясының бас продюсері Аида Тілеухан орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Онлайн өтінімнен кейін 7 қазан күні қазылар алқасы барлық өтінім арасынан 30 үміткерді анықтайды. 

Таңдаулы 30 үміткер тізімі 8-12 қазан күндері «Хабар» сайтында жарияланады. 

«Үшінші кезеңде – jevision.khabar.kz сайтындағы онлайн дауыс беру сатысы басталады. Яғни көрермен 30 үміткер арасынан ұлттық іріктеудің финалына өтетін 10 кандидатты анықтайды. 12 қазан күні сағат 21:30-да «Хабар» арнасының тікелей эфирінде ұлттық іріктеудің финалына өткен 12 үміткер белгілі болады», - деп түсіндірді А. Тілеухан. 

Төртінші кезеңде – 6 қараша күні «Хабар» арнасының тікелей эфирінде ұлттық іріктеудің финалы өтеді және Қазақстанның намысын қорғайтын үміткер анықталады. 

Мұнда еліміздің ең танымал композиторлары қатысушыларға арнайы ән жазады. 

Әділ қазы алқасының бағасы мен SMS дауыс беру нәтижесінде жеңімпаз анықталады. 

Ең көп ұпай жинаған финалист Парижде өтетін «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауына Қазақстан атынан қатысады. 

Айта кетейік, биылғы 19-шы Junior Eurovision Song Contest балалар ән байқауына 19 ел қатысады. 

Олар: Албания, Армения, Әзірбайжан, Болгария, Франция, Грузия, Германия, Ирландия, Италия, Қазақстан, Мальта, Нидерланды, Солтүстік Македония, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Испания және Украина.

Қазақстан сайысқа алғаш рет 2018 жылы қатысты. Ол кезде байқауға Данэлия Төлешова «Өзіңе сен» әнімен қатысып, алтыншы орынға ие болды. 

2019 жылы Ержан Максим «Арманыңнан қалма» әнімен екінші орын алды. 

2020 жылы пандемия салдарынан балалар Евровидениесі онлайн-форматта өтті. Өткен жылдың гранд финалында «Forever» әнін орындаған Қарақат Башанова он үш қатысушының ішінде екінші орынға ие болды.