2021 жылдың 10 айында елімізде 2,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылғы қаңтар-қазан айларында 2,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңінің 100,3 пайызын құрайды. Биыл сұйытылған мұнай газын өндіру 3,2 млн тонна немесе 2020 жылғы көрсеткіштің 100 пайыз деңгейінде күтілуде», - деді өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы баяндаған министр.
Оның атап өтуінше, ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының 60 пайыздан астамын автокөліктер тұтынады.
«2019 жылдан бастап сұйытылған газға ауыстырылған автокөлік саны 2 есе өсіп, 310 мың бірлікке жетті», - деді Мағзұм Мырзағалиев.