2021 жылдың 1-тоқсанында сұйытылған мұнай газының шекті көтерме бағасы қазіргі баға деңгейінде қалады. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Газ және газбен жабдықтау туралы» ҚР Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары аясында электрондық сауда алаңдарынан тыс өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағасын мемлекеттік реттеу жүзеге асырылады. Энергетика министрлігі шекті бағаны Ұлттық экономика министрлігімен келісім бойынша тоқсан сайын бекітеді және ол Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында қолданылады. Осыған орай Энергетика министрінің бұйрығымен 2021 жылдың 1-тоқсанына арналған шекті көтерме баға бекітілді.
«Шекті бағаны белгілеу тәртібі Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын және Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын электрондық сауда алаңдарынан тыс жеткізу жоспары аясында өткізілетін сұйытылған мұнай газының шекті бағаларын айқындау қағидаларымен регламенттелген. Осы қағидаларға сәйкес 2021 жылғы 1-тоқсанға арналған шекті баға 2020 жылғы төртінші тоқсандағыдай ҚҚС-ты есепке алмағанда тоннасына 38 701,67 теңгені құрады», - делінген министрлік ақпаратында.