2020 жылғы 8 айда Қазақстанда 768 мың автокөлік тіркеуге қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 768 834 автокөлікті тіркеуге қойды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 19,6 пайызға кем. Оның ішінде 684 649-ы бірнеше рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 23,2 пайызға төмендеді. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны артып, 84 185-ті құрады. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 30,6 пайыз жоғары. Осы көрсеткішке 2020 жылы бастапқы әрі уақытша тіркеуге қойылған Армениядан жеткізілген 14 422 жеңіл автокөлік еніп отыр», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте.
Биылғы қаңтар-тамызда Қазақстан аумағында 38 электромобиль тіркелген.
«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінен астамын (67,5 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.
Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі - 284 089 көлік (41,5 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер - 26 пайыз (177 799 көлік).
Ал 4-тен 7 жылға дейінгілер – 118 575 көлікке (17,3 пайыз), 8-ден 10 жылға дейінгілер – 67 895 көлікке (9,9 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көлік саны 32 309-ға жетті.
Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,6 пайыз (3 982 автомобиль) болды.