Мамандар елді мекендердің электронды картасы қалай жасалатынын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елді мекендердің жер үсті және жер асты коммуникацияларын түгендеу және цифрландыру, аумақтың сандық жоспарларын құру мемлекеттік қала құрылысы кадастрының базалық деңгейіне ену үшін жүзеге асырылады.
«Біз жасап жатқан жұмыс өте өзекті. Инженерлік коммуникацияларды цифрландыру желідегі жүктемені бақылауға және уақытында қуаттылықты арттыруға, жөндеуді жоспарлауға және жаңа қондырғыларды инженерлік желіге қосу процесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жолдарды, жылумен жабдықтау объектілерін, сумен жабдықтау, канализациялық нысандарды жөндеу және басқа құрылыс-монтаждау жұмысы кезінде желінің апаттық деңгейі айтарлықтай төмендейді. Қазір түгендеу процесі пилотсыз ұшу аппаратының аэрофототүсірілімі (бұдан әрі - ПҰА) және ғарыштан түсірілген сурет арқылы Жерді қашықтықтан зондтау материалын қолдана отырып жеделдетілуде және жеңілдетілуде», - деді «Мемқалақұрылыскадастры» РМК бас директоры Тұрлыбек Мұсабаев.
«Мемқалақұрылыскадастры» РМК , жоғарыда аталған жұмысты «Delair UX11» ұшақ типті дрон қолдана отырып жүргізеді. Ұшақтың аэрофототүсірілім материалдары арнайы бағдарламалық жасақтама көмегімен мұқият талданады. Нәтижесінде елді мекендер аумағының жалпы ауданы 3230 га болатын 1:500 масштабында кадастрлық жоспарларды құрудың цифрлық картографиялық негізі ортофотомап қалыптасады.
Пилотсыз жүйені пайдалану жеке тұрғын үйлер көп жету қиын аудандарды (әр аулаға кіру мүмкіндігі болмаған кезде) түсіруге өте тиімді. Қазіргі уақытта бұл жұмыс Павлодар, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе, Орал, Тараз, Қызылорда, Өскемен және Ақтау қалаларында жүргізіліп жатыр.
«Түгендеу нәтижесі бойынша барлық коммуникациялар мен ғимараттардың орналасуы туралы егжей-тегжейлі ақпараты бар елді мекендердің цифрлық электронды картасы жасалады. Сандық карта объектілер мен аумақтың қазіргі техникалық жағдайы туралы, сонымен қатар әкімдіктер мен әлеуетті инвесторлардың аумақты дамытуды жоспарлау кезінде оңтайлы басқару шешімін қабылдау қабілеттілігі туралы объективті түсінік береді», делінген хабарламада.