24 қар, 2020 сағат 06:50

Қазақстанда экологиялық проблемаларды шешу үшін 17 жол картасы әзірленді

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет мүшелеріне өңірлердегі экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған іс-шаралар кешенін таныстырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министр жаңа Экологиялық кодекстің Парламент Мәжілісінде екінші оқылымда қабылданғанын еске салды. 

Оның айтуынша, жаңа кодекс қоршаған ортаға келетін зиянды едәуір төмендетуге бағытталған.

«Әйтсе де, жаңа Экологиялық кодексті күтпей «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, экологиялық проблемалар мен оларды шешу жолдарын барлық өңірдегі жұртшылықпен, әсіресе экобелсенділермен бірге қарастырдық. Барлығы 17 онлайн кездесу өткізілді. 25 мыңға жуық адам қатысты. Талқылау нәтижесі бойынша жұртшылықпен, әкімдіктермен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп, 17 жол картасы әзірленді. Бұл құжаттарда өңірлердегі экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі нақты шаралар қарастырылған», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр бұл тұрғыда негізгі экологиялық проблемаларды атады. 

Бұл - атмосфералық ауа мен жер бетіндегі судың ластануы, қалдықтармен байланысты жұмыстың жетілмеген жүйесі, сондай-ақ ежелден ластанған жерлер мен көгалдандырудың жетіспеушілігі.