04 мам, 2021 сағат 17:25

Қазақстанда дрондарға оқ атуға кім бұйрық беретіні анықталды



Қазақстанның қорғаныс министрлігі "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін бұзған әуе кемелеріне қару және жауынгерлік техника қолдану ережелерін бекіту туралы" үкімет қаулысына енгізілетін өзгерістерді әзірледі.


Мұнда өзгерістер енгізуге 2018 жылдың 22 ақпанындағы №73 үкімет қаулысында мемлекеттік қорғауға жататын нысандардың шекарасын бұзған әуедегі нысаналардың (ұшқышсыз ұшу аппараттары) көзін жоюға бұйрық беруге кім құқылы екені нақты көрсетілмеуі себеп болды. Бұл мәселені нақтылау үшін төртінші тармақтың төртінші бөлімі жаңа редацияда әзірленді.


"Мемлекеттік қорғауға жататын нысандар аумағында және тыйым салынған белгілермен немесе қоршаулармен белгіленген шекаралардағы қорғалатын нысандардың, әскери бөлімдердің аумағында, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканы қорғау кезінде және келісілмеген ұшуларды жүзеге асыратын экипажы мен жолаушылары жоқ ұшқышсыз ұшу аппараттары немесе қашықтықтан басқарылатын және басқарылмайтын басқа да ұшу аппараттарының көзін жою үшін қару-жарақ және соғыс техникасын пайдалану туралы шешімді Қарулы күштер, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдары саласындағы бірінші басшылары белгілеген уәкілетті лауазымды тұлғалар қабылдайды", - деп жазылған құжатта.


Осылайша бұл түзету қару-жарақ пен соғыс техникасын қолдану туралы шешім қабылдайтын лауазымды тұлғаны анықтайды.


Өзгертулерді талқылау 18 мамырға дейін жалғасады. Ал ол ресми түрде жарияланған алғашқы күннен кейін он күн өткен соң заңды күшіне енеді.