Фото:baq.kz
Ресми мәлімет бойынша қазақстандықтардың 40%-ға жуығы, яғни 8 млн шамасындағы адам дене шынықтырумен айналысады. Олардың арасына мектепте дене шынықтыру сабағына қатысатын 3,8 млн бала бар екенін ескерсек, елде 4,2 млн адам спортпен шұғылданады деуге болады.
Қазақстан халқын үнемі спортпен айналысатын, белсенді деп айтуға келмейтіні айтпаса да көрініп тұр. Алайда, бұқаралық спорт – ұлт саулығының кепілі десек, елдегі спорт секцияларының қолжетімділігі мен жабдықталуы назарды өзіне бұрмай қоймайды.
Дегенмен де еліміздің шенеуніктері позитивті қарайды. Олар 2029 жылға қарай халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 65 %-ға дейін ұлғаяды деп есептейді. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық спорттық инфрақұрылымының негізгі бөлігі, яғни 58,7%-ы мектептер мен басқа да білім беру мекемелері жанындағы нысандар екен.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдама бойынша 2029 жылы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі 50 %-ға дейін, ал балалар мен жасөспірімдердің саны 45 %-ға дейін ұлғаяды. Ал балалардың және жасөспірімдердің спорт секцияларына тең қол жеткізуі 100% қамту жоспарланған.
Шенеуніктердің болжамы бойынша бұқара халықтың жаппай спортпен айналыспау себебі қалалар мен ауылдарда спорттық инфрақұрылымдардың болмауы себеп екен.
Спорт секциялары халықтың қалтасына қаншалықты салмақ салады?
Дәл қазіргі уақытта тегін спорт кешендерімен ауыл-аймақты алмағанда ірі қалалар да толық қамтылмағанын ескеріп, біз еліміздің ең ірі екі қаласы Алматы мен Астанадағы фитнес-клубтар мен спорт үйірмелдерінің бағасына көз жүргітіп, қарапайым қазақстандықтың қалтасына қаншалықты салмақ түсіретінін білгіміз келді.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы I тоқсанда ресми 382 279 теңгені құрады.
Байқауымызша спорт секцияларының бағасында айырмашылық өте үлкен. Әсіресе қаланың дамыған ауданында орналасқан жекеменшік мекемелердің бағасы ең жоғары, ал шеткі аудандарда, сондай-ақ мемлекеттік және жартылай мемлекеттік мекемелерде ең арзаны болып шықты.
Алматы мен Астанада фитнес-клубтардың айлық абонементі ересектерге 6 мың теңгеден бастап 90 мың теңгеге дейін барады екен. Олардың орташа бағасы 20-25 мың теңге шамасында. Абонементке топтық жаттығулар мен жаттығу залындағы жабдықтарды пайдалану кіреді. Алайда жаттықтырушымен жеке жұмыс бөлек төленеді. Фитнес-клубтарда балаларға арналған топтық жаттығулардың орташа бағасы 15 мың теңге шамасында екен. Әдетте топтық жаттығуларға йоганың түрлері, емдік гимнастика, аэробика, зумба, бачата, боди-фит сияқты спорт бағыттары кіреді.
Енді жүзу бассейндеріне тоқталайық: Алматыдағы Rakhat-fitness-те жүзуден айлық абонемент 40-45 мың теңге, ал «I love supersport» жеңіл жүзу мектебінде 7 адамнан тұратын топтық жаттығу айына 95 мың теңге. «Тастақ» фитнес-клубында айына 12 рет жүзуге барсаңыз 28 мың теңге төлейсіз, бірақ Алматыдағы оқушылар сарайында жүзу сабақтары балаларға 5 мың теңге тұрады.
Ал Астанада жүзу сабақтарын алғысы келетін адам қанша төлейді? Мысалы, «Sana» жаңа ұрпақ орталығында бір баланың бассейнге баруына айына 30-45 мың теңге аралығында қаражат шығындасаңыз, М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында жүзу сабақтарына 8 мың теңге төлеу керек. «Barys Arena» спорт кешенінде ересектерге айына 25-30 мың теңге шамасында, ал балаларға 13-11 мың теңге төлеу керек болады.
Каратэ, тхэквондо, күрес сияқты жекпе-жектің түрлеріне Астанадағы М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында 10 мың теңге төлесеңіз, сол жағалауда біршама қымбаттау екен. Мысалы «Sana» орталығында 20-30 мың теңге шамасында төлеуге тура келеді. Бірақ Алматыдағы оқушылар сарайында аталған үйірмелердің айлық құны 5 мың теңге ғана көрінеді. Ал баскетбол мен волейбол үйірмелері Алматы мен Астананың оқушылар сарайында – 5 мың теңге шамасында.
Тәні сау адам ғана өзіне және өз еліне қызмет етіп, оның дамуына үлес қоса алады. Халқының денсаулығы мықты, күш-қуаты бойында болмаса мемлекеттің тасын кім өрге домалатады?! Бұқаралық спорттың дамуы, халықтың салауатты өмір салтын жаппай ұстануы, спорт мәдениетін бойына сіңіруі мемлекеттің алдында тұрған үлкен жұмыс және елді алға жетелеу үшін қажетті шара.