Қазақстанда бір жылда 45 мың бет дәрілік нұсқаулықтар аударылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының (ДЗСҰО) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметі таратқан мәлімттерге қарағанда, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы қазақстандық нарыққа келіп түсетін дәрілер мен медициналық бұйымдарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды мемлекеттік тілге аудару және заңнамамен регламенттелген нұсқаулықтар, қаптама макеттері, заттаңбалар, стикерлер, жарнамалық материалдар аудармаларының сәйкестілігін тексеру қызметтерін сараптама шеңберінде орындайтын еліміздегі бірден бір ұйым.
Өткен жылы Ұлттық орталықта 100 мыңнан астам парақ мемлекеттік тілге аударылған және сәйкестік тұрғысынан тексерілген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23% көп. Оның 45 мыңнан астамы – нұсқаулықтар аудармасы. Қазақстанда әрбір дәрілік заттың қазақ және орыс тілдерінде толық сипаттамасы болуы керек екені белгілі, өйткені ол пациентті препарат туралы: құрамы, шығарылу түрі, қолданылуы, қарсы көрсетілімдері, дозалау режимі, басқа дәрілермен өзара әрекеттесуі және т.б. жөнінде қажетті ақпаратпен таныстыратын маңызды құжат.
«Дәрілік нұсқаулық пациент үшін дұрыс қабылданған препараттың емдік әсерінің болуы және оның денсаулығы мен өміріне төнетін қолайсыз зардаптардан сақтандыруының кепілі болып табылады. Сондықтан нұсқаулық мәтіні тек медициналық қызметкерге ғана емес, сондай-ақ әрбір пациентке түсінікті болу үшін оның аудармасы өте сапалы болуы тиіс. Өйткені, препараттың аңдатпа-мазмұнында қателік болған жағдайда пациенттер зардап шегуі мүмкін. Ал бқл ұлттық қауіпсіздікпен байланысты мәселе», – деп атап өтеді ДЗСҰО бас директорының дәрілік заттар жөніндегі орынбасары Баян Молдахметова.
Оның сөзінше, дәрілік препараттар нұсқаулықтарының мазмұны препараттың өзін медициналық қолдану барысында өзгеруі мүмкін екенін еске саламыз. Сонымен, елімізде тіркелген дәрілік заттар бүкіл тіршілік айналымы бойына қауіпсіздік мониторингінен өткізіледі. Басқа препараттармен өзара әрекеттесуі кезінде бұрын нұсқаулықта көрсетілмеген жағымсыз реакциялар немесе емдік әсері анықталған жағдайда дер мезгілінде өзектілендіру үшін қолданыстағы нұсқаулықтарға өзгерістер енгізілуі тиіс.