Биылғы қаңтар айында Қазақстанда 100 мыңнан астам көлік тіркеуге қойылды. Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Есепті кезеңде әкімшілік полиция органдары 118 592 автокөлікті тіркеуге қойды. Аталған көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңінен 7 пайызға артық. Оның ішінде 107 171-і бірнеше рет тіркелгендер үлесінде, яғни бір адамнан екінші адамның атына ауыстырылған көліктер санатына жатқызылды. Бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 3,3 пайызға өсті. Ал алғаш рет тіркелген көлік құралдарының саны артып, 11 421-ді құрады. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 62 пайыз жоғары. 2020 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда биылғы қаңтарда тіркелген көліктер саны 18,2 пайызға төмен болды», - деп атап көрсетілген таратылған мәліметте.
2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан аумағында 12 жеңіл электромобиль тіркелген.
«ҚазАвтоӨнеркәсіптің» хабарлауынша, есепті кезеңде қайта тіркелген көліктердің үштен екісінен астамын (68,2 пайызы) пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер қамтыған.
Атап айтқанда, 20 жылдан асқандардың үлесі – 45 460 көлік (42,4 пайыз) болса, 11-ден 20 жылға дейінгілер – 25,8 пайыз (27 655 көлік). Ал 4-тен 7 жылға дейінгілер – 12 293 көлікке (11,5 пайыз), 8-ден 10 жылға дейінгілер – 15 588 көлікке (14,5 пайыз), 1-ден 3 жылға дейінгі көлік саны 6 131-ге жетті. Сонымен қатар, пайдалану мерзімі 1 жылға жетпеген көліктердің үлесі 0,04 пайыз (44 автомобиль) болды.