13 қаң, 2021 сағат 07:05

Қазақстанда ауаны ластайтын көліктерге айыппұл артады

Қазақстанда жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануына байланысты ауаға нормадан артық ластаушы заттар шығаратын автокөліктерге айыппұл мөлшері артады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл Кодекс «ластаушы төлейді» принципіне сәйкес келеді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне (334 бап) енгізілген өзгерістерге сәйкес, шығарындылардағы ластаушы заттардың мөлшері белгiленген нормативтерден асса, жеке көлік иесі 10 АЕКзаңды тұлғалар 100 айлық есептік көрсеткішмөлшерінде айыппұл төлейді. Ал бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса - жеке тұлғаларға 20, заңды тұлғаларға 200 АЕК айыппұл салынады. Жаңа норма шілде айында күшіне енеді. Ал әзірге қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе - 2, қайталанған жағдайда 5 АЕК көлемінде ғана айыппұл жазылады.

2021 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда 1 АЕК - 2917 теңгені құрайды. 

«Сонымен бірге өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол карталары қабылданғанын, аталған құжаттарда автокөлік шығарындыларын азайту бағытында атқарылатын іс-шаралар да қарастырылғанын атап өткіміз келеді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының Жол картасына сәйкес, техникалық байқау орталықтарына қойылатын талаптар қатаңдатылады. Бұрын техбайқау пунктерін ашқысы келетін кәсіпкер ол туралы тек хабарлауға тиіс болса, енді арнайы рұқсат алуы қажет. Мұндай орталықтарға бірыңғай бағдарламалық қамтамасыз ету де енгізіледі. Сақтандыру полисін алу кезінде техникалық байқаудан өту міндеттемесі жүктеледі. Сонымен қатар техбайқау операторының қызметін тоқтата отырып, міндетті техникалық байқауды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту да қарастырылған», - деді Экология министрлігінен.

Айта кетейік, елімізде экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін автокөліктер техбайқау кезінде, Экология департаменттері Ішкі істер басқармасының немесе көліктік бақылау органдарының бірлескен рейдтері барысында, кәсіпорындарға жүргізілетін профилактикалық тексеру кезінде анықталады. Автокөліктен шығатын ластаушы заттар нормативтерінің сақталуын Экология департаменттері газталдағыш «Автотест», «Мета-01» және өзге де өлшеу құралдары арқылы тексереді.

Еске салайық, 2021 жылдың 2 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексіне қол қойды.