Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі кемшілікті тапқан қазақстандықтарға сыйақы беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«BugBounty ақпараттандыру нысандарында ақпараттық қауіпсіздік бойынша қоғамдық бақылау тетігі енгізіліп отыр. Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздік саласында тәуелсіз зерттеушілер жасай алатын әлеуетті дамыту жүріп жатыр. Қазіргі кезде 275 зерттеуге қатысушы тіркелді. 2020 жылдың желтоқсанынан қазіргі уақытқа дейін жүйе осалдығы мен кемшілігі туралы мәліметпен 172 есеп келіп түсті. 1 млн теңге сомасына 11 есеп бойынша төлем жасалды», - деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов.
Өз кезегінде «WebTotem» ЖШС директоры Олжас Сатиев BugBounty бағдарламалары Mail.ru, Yandex. GOOGLE, UBER секілді көптеген ұйымдарда іске қосылғанын атап өтті.
«Егер қандай да бір зерттеуші, әдепті хакер желінің осал тұстарын анықтаса, осы кемшіліктер жайында хабарлап, ақшалай сыйақы алады. Қазақстанда біз бірегей бағдарламаны іске қостық, азаматтардың барша мемлекеттік жүйелердегі кемшіліктерді хабарлауға мүмкіндігі бар», - деді О. Сатиев.
Оның айтуынша, банктермен жұмыс істеу үшін осы тектес жүйе Ұлттық банкпен бірлесе пысықталып жатыр.
«Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша көптеген әдепті хакерлер маңызды инфрақұрылымда, банктердегі кемшіліктерді көрсетті», - деді «WebTotem» ЖШС директоры.