Қазақстандағы 67 ірі су көзі ауызсу ретінде пайдалануға жарамсыз. Су ресурстарын тиімді басқару мәселесіне арналған халықаралық семинар барысында осындай ақпарат айтылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы қоршаған ортаны және су ресурстарын қорғау саласындағы өңірлік ынтымақтастық деңгейін арттыру» жобасының сарапшысы Анатолий Крутов Қазақстанда жерүсті су көздерінің ластануы жаппай белең алып бара жатқанын айтады.
«Соңғы ондаған жылда Орталық Азиядағы өзендер бұрынғыдан бетер ластана түскен. Қазақстан туралы да осыны айтуға болады. «Қазгидромет» мекемесінің дерегі бойынша, ауызсу көзі ретінде саналатын өзен-көлдердің ішінде тек 7 су көзі ғана «нормаға сай» деп танылған. 42 өзен «қалыпты ластанса», 24 өзен өте қатты ластанған. Бір өзен шектен тыс улы саналады», - дейді Анатолий Крутов.
Дегенмен, сарапшының айтуынша, мұндай жағдай экологияға ерекше көңіл бөлінетін Батыс елдеріне де тән көрінеді.
«Бұл өзен-көлдерге адам жоламасын деген сөз емес. Тек ауызсу көзі ретінде пайдалануға болмайды. Бұл - тек Қазақстанға ғана тән проблема емес. Әлемнің барлық елдерінде бар. Қазақстан бұл тұрғыдан алғанда жаһандық рейтингтің бел ортасында тұр. Швеция, Люксембург сияқты елдерде өзен-көлдердегі судың сапасы сын көтермейді. Сөйте тұра оларды ауызсу көзі ретінде пайдаланды. Өйткені, технология жақсы дамыған. Ондай технологияны сіздерге енгізетін болса, аталған көздердің барлығын ауызсу құбырына пайдалануға болар еді», - дейді Анатолий Крутов.
Анатолий Крутов ауызсу мәселесі Орталық Азия елдерінде оңды шешілуі үшін Еуропалық Одақ қаржылай көмек көрсетуге дайын екенін айтады.
«Осы семинар барысында Еуропалық Одақ өкілдері көптеген қызықты ұсыныстар айтты. Соның ішінде инвестициялық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін айтып отыр. Сондықтан, Қазақстанға су ресурстарын басқару және пайдалану бойынша қандай мәселенің өзекті екенін пайымдап алу қажет», - дейді су ресурстарының сарапшысы.
Оның айтуынша, Шығыс Қазақстандағы тау-кен кәсіпорнына тиіп жатқан Красноярка өзені шектен тыс ластанған жалғыз өзен ретінде тіркеліпті.
«Қалыпты ластанды деген 42 су көзінің арасында Ертіс, Есіл, Жайық, Іле, Сырдария, Аягөз, Текес, Қаскелең, Талғар, Қапшағай, Талғар, Қопа, Зеренді өзендері мен Арал көлі бар. Ал «қатты ластанған» 24 өзен-көлдің қатарына Бурабай және Балқаш көлдерінен бастап, Үлбі, Ырғыз, Ембі, Ойыл, Тобыл, Қобда, Нұра өзендері кірді. Бір ескеретін жайт, мен бұл ақпаратты «Қазгидромет» мекемесінен алып отырмын. Аталмыш ұйым Қазақстандағы су көздерінің сапасын ұдайы бақылауда ұстап отыр», - дейді маман.
Сарапшы су көздеріне өндіріс ошақтары мен қоқыс полигондарынан зардап көп тиетінін айтады.
«Су көздерін ластаушы заттар арасында мыс, азот нитриті, фенол, мырыш, маргенец, мұнай, хром, никель, магний, кальций сияқты 20-ға жуық улы өндіріс қалдықтары бар», - дейді Анатолий Крутов.
Осы жағдайды түзету үшін су сапасына жауапты 30-дан астам маман 3 күн бойы Еуропалық Одақ тәжірибесін үйреніп, арнайы оқу курсынан өтті.