19 қыр, 2019 сағат 17:07

Қазақстанда 300-ден астам автобус апатынан 51 адам қаза тапқан

Соңғы уақытта қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол апаттары жиі орын алып жүр. Биыл автобус жүргізушілерінің кінәсінен 316 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 51 адам қаза тауып, 316 адам зардап шекті. Бұл жөнінде ҚР ішкі істер министрлігі хабарлады.

Осындай апаттардың орын алуына, ең алдымен, жүргізушілердің жол қозғалысы тәртібін сақтамайтыны, мақсатты профилактикалық жұмыстардың жүргізілмеуі және жолаушылар көлігін жолға шығаруға жауапты лауазымды тұлғалар тарапынан бақылаудың жоқтығы себеп болып отыр.

«Автопаркте жеткілікті жұмыс тәжірибесі жоқ жүргізушілерді, кейде жалған жүргізуші куәлігімен келгендерді жұмысқа қабылдау фактілері жиі кездеседі. Қоғамдық көлік жүргізушілері жолаушылар тасымалын жүзеге асырады, олар көлік рөліне отырған кезде көп адамның өмірі үшін жауапты болады. Сондықтан автобус жүргізушілерін жұмысқа қабылдау кезінде құжаттарын, сондай-ақ көлік құралдарын мұқият тексеру қажет» делінген хабарламада.

ІІМ кәсіпкерлік субъектілерін жүргізушілерді жұмысқа қабылдау кезінде міндетті түрде көлік құралын жүргізуге құқық беретін тиісті санаттың және жұмыс өтілінің бар-жоғын тексеруге шақырады.

ІІМ өз кезегінде көлік ұйымдарынан келіп түскен сұрауларға байланысты жүргізушіде көлік құралын жүргізуге құқық беретін ашық санаттардың бар-жоғы туралы ақпаратты ұсынуға дайын.

Айта кетейік, D санаттағы жүргізуші куәлігі жасы 25 жасқа толған және кемінде 5 жыл жүргізуші өтілі бар, оның ішінде D1 санатындағы көлік құралдарын басқару өтілі 3 жылдан кем емес тұлғаларға беріледі.